Жаңа бассейн суды жылытатын және тазартатын заманауи технологиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Барлық стандарттарға сай етіліп жасалған бассейннің ұзындығы 25 метрді, ені 11 метрді құрайды. Мұнда бір мезгілде 50-ге тарта адам қатар жүзе алады.
Қазіргі таңда бұл жерде 25 адам еңбек етеді. Бассейннен бөлек, ғимаратта жаттығу және теннис залдары, демалыс орны, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер бар. Бағасы да қарапайым халықтың қалтасы көтеретін деңгейде.
Абайлықтарды қуанышқа бөлеген бұл спорттық кешеннің құрылысына облыстық және аудандық бюджеттен 430 млн теңге жұмсалды. Бассейн құрылысын мердігер компания «Наладочный центр Темиртау» ЖШС жүргізіп, сапалы етіп бітірген.
Айта кету керек, бұл ғимараттың бой көтеруіне аудандық ардагерлер ұйымы мен ақсақалдар кеңесінің Елбасының атына жазған хаты себепші болған еді. Соның арқасында 2014 жылы спорт кешенінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, құрылыс жұмыстары жүргізіле бастаған болатын.
Жалпы, Абай ауданында бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінеді. Мұнда тұрғындардың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған деуге болады. Ауданның спорттағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, абайлық спортшылар облыс көлеміндегі спартакиада жарыстарында үнемі үздік үштіктің ішінде жүреді. Сондай-ақ осы аудандағы спорт мектебінің түлектері халықаралық аренада Қазақстанның намысын лайықты қорғап, толайым табыстарға қол жеткізген. Атап айтар болсақ, Серік Нұрқазов, Серік Сәпиев, Абылайхан Жүсіпов және басқа да спорт саңлақтардың Абай бокс мектебінің жақсы атын айдай әлемге жайғаны тарихи шындық.
«Ауданда спортқа деген көзқарас ерекше. Саламатты өмір салтын ұстанған тұрғындарымызға қолдан келген жағдайдың бәрін жасауға тырысамыз. Келешекте 320 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарда бар», дейді Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Абай ауданы